"Сауда қызметін реттеу туралы" заңға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарға дейін елдегі барлық базарлар заманауи стационарлық нысандар форматына көшірілуі тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл мерзім үш рет кейінге шегерілген, сондықтан енді қайтадан ұзарту қарастырылмайды.
Қарағанды облысында 5 базарды жаңғырту қажет. "Шығыс" базарында жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, нысанды іске қосу 2025 жылдың желтоқсанға жоспарланған. "Тұлпар" базарының аумағында ХҚКО мен автодром салынуда. "Алтын арба" базарының басшылығы 20 мың шаршы метрден асатын сауда үйін салуды жоспарлап отыр, құрылыс жұмыстарының басталуы төртінші тоқсанға белгіленген. "Горняк" базарында да жөндеу жұмыстары жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. "Қайрат" базары аумағы қызметтің болмауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды.
Министр базарларды инженерлік желілерге қосу, жобалық құжаттаманы келісу және қаржыландыру мәселелері шешімін таппай отырғанын айтты. Ол бұл міндеттерді орындау үшін негізгі жауапкершілік базар иелеріне жүктелетінін және белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін қадап айтты.
Арман Шаққалиев базарларды жаңғырту Парламенттің бақылауында екенін атап өтті. Белгіленген мерзімде жұмыстарын аяқтамаған нысан иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті базарлардың қызметі тоқтатылуы мүмкін.
– Біздің басты мақсатымыз – сауда нысандарын тек жаңарту ғана емес, сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау. Базарларды жаңғырту халықтың өмір сапасымен және өркениетті сауданың дамуымен тікелей байланысты, – деді министр.
2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Қарағанды облысының ішкі тауар айналымы 2,38 трлн теңгені құрап, республика көлемінің 6,3%-ын қамтамасыз етті.