"Сауысқандық петроглифтерін шетел азаматтары бұзып жатыр": Депутат Мұрат Әбенов дабыл қақты

Оның сөзінше, Қызылордадағы тарихи ескерткіш лайықты деңгейде қорғалмай тұр. 

"Сауысқандық петроглифтерін шетел азаматтары бұзып жатыр": Депутат Мұрат Әбенов дабыл қақты Фото: jambylinfo.kz

Халық қалаулысы бұл мәселені тікелей Президентке де жеткізгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Мұрат Әбенов – археологиялық мұраларды қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған жаңа заң жобасы үшін қатты қуанғандардың бірі. 

– Бұл заң шығады дегенде біз қуандық. Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде мен Президентке хат жолдадым. Қызылордадағы петроглифтер сияқты тарихи ескерткіштерді шетел азаматтары бұзып, өз үйлеріне алып кетіп жатыр. Сол кезде Президент әкімшілігі хат жолдап, мәселені қолға алу қажеттігін айтты, – деп еске алады ол. 

Депутат қазіргі заңнаманың кемшілігі ретінде археологиялық және реставрациялық жұмыстарды заңсыз жүргізетіндер ешқандай жауапқа тартылмайтынын сөз етті. 

– Егер заң болмаса, кім соттайды? Ашық деректерде көріп отырсыздар: шетелдік туристер тарихи нысандарды заңсыз пайдаланып, өз әрекеттерімен мақтанып жүр. Жауапкершілік жоқ, – деп нақтылады ол. 

Десе де, Әділет министрлігінің орынбасары Лаура Қанатқызы депутаттардың ұсынысы Үкімет тарапынан қолдау таппағанын жеткізді. Себебі, соңғы жылдары қылмыстық кодекстің осы бабымен тіркелген құқықбұзушылықтар саны өте аз.

– Біз ең алдымен құқықбұзушылықтарды ашу және алдын алу шараларын күшейтуге басымдық беруіміз керек. Екінші оқылымға дейін тиісті органдармен талқылап, құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып, қайта қарауға дайынбыз, – деді ол. 

2 жыл бұрын inbusiness.kz тілшісі "Сауысқандық петроглифтерінің сау тамтығы қалмауы мүмкін" деген тақырыпта мәселе көтеріп, сараптамалық мақала жариялаған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу