Елімізде ҰБТ форматы өзгереді

518

Бұл жұмысқа шетелдік сарапшылар тартылмақ.

Елімізде ҰБТ форматы өзгереді Фото: Үкімет

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰБТ мазмұны мен әдістемесі толығымен қайта жаңғыртылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомство басшысы Президенттің АҚШ-тағы маңызды кездесулеріне тоқталды.

"Қазақстандық антропологтар әлемнің ең көне ғылыми орталығында білім ала алады. Мемлекет басшысының сапары аясында ғылым мен жоғары білімді дамытуға арналған екі маңызды кездесу өтті. Президент АҚШ-тағы ең көне ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі саналатын Смитсон институтының басшылығымен келіссөздер жүргізді. "Болашақ" бағдарламасы аясында қазақстандық жетекші ғалымдар, антропологтар, мәдениеттанушылар мен тарихшылар осы беделді ғылыми-зерттеу орталығында арнайы білім алу мүмкіндігіне ие болады", – деп жазды Саясат Нұрбек.

Келесі маңызды жаңалық ҰБТ-ға қатысты болды.

"Educational Testing Service (ETS) компаниясы – әлемдегі тестология саласындағы ең көне ұйым. Келіссөздер нәтижесінде ETS-тің жетекші мамандары қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылады. Халықаралық деңгейдегі сарапшылардың тәжірибесі негізінде Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен әдістемесі терең жаңғыртылып, ол заманауи әдістеме мен бағалаудың сапасы жоғары халықаралық стандартқа сай жетілдірілмек", – деп атап өтті министр.

Оның сөзінше, ҰБТ сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру бағытындағы жұмыс осы ғылыми орталықпен бірлесіп жүргізіледі. Саясат Нұрбек келесі айда зерттеушілер делегациясы елімізге келетінін хабарлады.

Айта кету керек, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары басталғанын жазғанбыз. Мемлекет басшысы Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу