Scat АҚШ-тан жаңа ұшақ әкелді

1057

Scat АҚШ-тан жаңа ұшақ әкелді

"Скат" әуе компаниясы америкалық "Боинг" корпорациясымен 6 бірдей ұшақ сатып алуға келісімшарт түзген. Бүгінде алғашқы әуе кемесі Шымкент қаласына қонды. Қалған ұшақтар келісімшартқа сәйкес, 2025 жылға дейін жеткізілетін болады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа ұшақтың жайлылығымен танысып шыққан облыс әкімі мұндай жаңалықтың орын алуын өңіріміздегі халық санының артып, шет мемлекеттерден келетін туристердің ағылуымен байланыстырады.
"Облыс халқының саны 3 млн-ға, ал Шымкент қаласының тұрғындары 1 млн-ға жақындағанын қуана хабарлайтын жағдайға жеттік. Сондай-ақ, керемет дәстүрін сақтап, тамаша табиғатымен тамсандыратын өлкеге елімізден және шетелден қонаққа асығатындардың да қатары күн санап көбеюде. Айталық, 2016 жылы Шымкент әуежайы арқылы 4573 әуе рейсі қатынаса, 2017 жылы оның қатары 5825-ке дейін артқан. Сол сияқты 2016 жылы 621 мың адам тасымалданса, былтыр жолаушылардың саны 811 мыңға дейін өсті. Енді соңғы үлгідегі ұшақтар жолаушыларға жайлы қызметімен бірге, туристік ағынды да көбейте түсуге өз септігін тигізеді деп ойлаймын", – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Бүгінде Шымкент әуежайы арқылы 7 республикалық, 4 халықаралық әуе бағыты қатынайды. Жалпы 7 әуе компания қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, Шымкент әуежайының аэровокзалы 1968 жылы сағатына 100 жолаушыға қызмет көрсетуге лайықталып салынған. 2015 жылы "Аэропорт Шымкент" АҚ тарапынан аэровокзалға қайта құру жұмыстары жүргізіліп, сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсетуге қол жеткізілді.
Қазіргі таңда жолаушы ағынының ұлғаюы мен тиісті стандарттарға сай, сағатына кем дегенде 600 жолаушыға қызмет көрсетуге арналған заманауи жаңа аэровокзал кешенін салу қажеттігі туындаған. Бүгінде жаңа әуежай салу бойынша жол картасы әзірленіп қойған.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу