"Семей орманы" филиалына заң бұзған тұлғалардың жұмысқа қабылданғаны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бородулиха ауданы прокуратурасының мәліметінше, жүргізуші куәлігінен айырылған азамат арнайы техника жүргізушісі ретінде жұмысқа қабылданған. Бұған қоса орман дайындау заңдылығын қадағалау міндеті мүліктік және өзге де қылмыстар үшін бұрын сотталған өндірістік учаске шеберіне жүктелгені анықталды. Ал дайын ағаштың санаты заңсыз түрде арзанырақ түрге өзгертілу салдарынан өнімнің нарықтық құны төмендеген.
"Филиал басшылығының жұмысын тиісінше ұйымдастырмауы мен әрекетсіздігі салдарынан 2024 жылдың соңына қарай 4 мың текше метрден астам дайындалған ағаш іске асырылмай, 80 млн теңгеден астам қаржы жоғалтылған. Бұл қаражат кәсіпорынның 75 млн теңге көлеміндегі салық берешегін толық өтеуге мүмкіндік берер еді. Аудан прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде аталған қызметкерлермен еңбек шарттары бұзылды. Дайындалған ағашты өткізу және салық берешегін өтеу бойынша шаралар қабылданды", – деп жазылған Абай обылысы прокуратурасының хабарламасында.
Филиал директоры қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, кейін қызметінен босатылды.