Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватына заманауи арнайы техника сатып алуға 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаражат Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен "Жасыл даму" АҚ-ның кәдеге жарату төлемдері есебінен бөлінді.
Жоба аясында резерватқа 39 өрт сөндіру автоцистернасы, 10 трактор және 26 жол талғамайтын көлік сатып алынды. Техника орман өрттеріне жедел ден қоюға және өртке қарсы іс-шараларды тиімді жүргізуге арналған.
Қазір барлық техника пайдалануға беріліп, күнделікті жұмыста қолданылып жатыр. Оның көмегімен мамандар өрт ошақтарына жедел жетіп, қажетті техника мен жабдықтарды дер кезінде жеткізіп, орман аумақтарын қорғау жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетейік, 2024 жылдан бері "Жасыл даму" АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге, орман табиғи резерваттарына, қорықтар мен орман шаруашылығы мекемелеріне арнайы техника сатып алуға 33,1 млрд теңгеден астам қаржы бағыттаған.
Осы кезеңде табиғат қорғау ұйымдарына орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жедел сөндіру үшін 1006 бірлік арнайы техника сатып алынған.