Абай облысында "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының 80 қызметкерінің еңбек құқығы қалпына келтірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәселе Бородулиха ауданы прокуратурасының әлеуметтік желілерге жүргізген мониторингі кезінде анықталған. Интернет-платформалардың бірінде кәсіпорын жұмысшыларына жалақының уақытылы төленбегені туралы ақпарат жарияланған.
Осы мәліметке сүйене отырып, прокуратура еңбек заңнамасының сақталуына бастамашылық тәртіппен талдау жүргізді. Нәтижесінде филиалдың 80 қызметкеріне жалпы сомасы 41 млн теңгеден астам жалақы берешегі бар екені анықталды.
Прокурорлық қадағалау шараларынан кейін қарыз толық өтелді. Сонымен қатар филиал басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осылайша, 80 қызметкердің еңбек құқықтары қалпына келтіріліп, оларға тиесілі жалақы толық көлемде төленді.
Прокуратура азаматтарды жалақының кешіктірілуі және еңбек заңнамасының өзге де бұзушылықтары туралы уәкілетті органдарға немесе прокуратураға дер кезінде хабарлауға шақырды.