Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасын белгілеу жұмыстары аяқталды.
28 тамызда шекараны айқындайтын соңғы белгі орнатылды. Бұл шара полигонның жабылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Соңғы шекаралық белгі қойылған жерде Қазақстанның ядролық сынақтардың зардаптарын жоюға бағытталған көпжылдық еңбегіне арналған естелік белгі де ашылды.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Сергазиннің айтуынша, қауіпсіздік аймағын құру бұрынғы полигон аумағына қатысты мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңін білдіреді.
"Семей ядролық қауіпсіздік аймағын қалыптастыру – бұрынғы полигон аумағына қатысты мемлекеттік саясаттың түбегейлі жаңа кезеңі. Бүгінде біздің міндетіміз – аумақтарды тәуекел деңгейіне қарай нақты бөлу. Қауіпті учаскелер мемлекет тарапынан сенімді бақылауда қалуы тиіс, ал қауіпсіздігі ғылыми зерттеулермен расталған жерлер кезең-кезеңімен шаруашылық айналымға қайтарылуы қажет", – деді Ғұмар Сергазин.
Полигон жабылғаннан кейін Қазақстан аумақты қауіпсіз жағдайға келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. Сынақ инфрақұрылымы жойылып немесе қауіпсіз күйге келтіріліп, радиациялық жағдайға қатысты зерттеулер жүргізілді. Жалпы аумағы 18 мың шаршы шақырымнан асатын жерге кешенді радиоэкологиялық зерттеу жасалды.
Бұл бағыттағы ғылыми жұмыстарды Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы жүргізді. Мамандардың көпжылдық зерттеулері бұрынғы полигон аумағындағы қазіргі радиоэкологиялық жағдайды бағалап, жерді одан әрі пайдалану мүмкіндіктерін анықтауға мүмкіндік берді.
2023 жылы "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы" заң қабылданып, бұрынғы полигон аумағын басқарудың жаңа құқықтық негізі қалыптасты. Кешенді зерттеулердің қорытындысы бойынша қауіпсіздік аймағына радиациялық қауіп сақталған, арнайы пайдалану режимін қажет ететін шамамен 8,3 мың шаршы шақырым аумақ енгізілді. Ал радиациялық тұрғыдан халыққа қауіп төндірмейтін, зерттелген шамамен 10 мың шаршы шақырым жерді кезең-кезеңімен шаруашылық айналымға қайтаруға мүмкіндік бар.
Мамандардың пікірінше, Семей ядролық қауіпсіздік аймағын қалыптастыру бұрынғы полигонды одан әрі оңалтуға жол ашып, Абай, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумақтарын әлеуметтік-экономикалық дамытуға мүмкіндік береді.