Семей қаласында телефон арқылы жасалған ерекше алаяқтықтың жолы кесілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдымен әйел адамға өзін зейнетақы қорының қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалып, "зейнетақы аударымдарының тоқтатылғанын" хабарлайды. "Тіркеуден өткізіп беремін" деген ол enbek.kz сервисінің электронды кезегіне арналған алты таңбалы SMS-кодты айтуын талап еткен. Көкейіне күмән келген семейлік оның талабын орындамаған.
Алаяқтар кейін келесі қадамға көшті. Видеоқоңырау арқылы өзін "киберполиция қызметкерімін" деп таныстырған адам әйелдің eGov аккауын бұзуға бағытталған "кибершабуыл" жөнінде айтып, "мәліметтерді тексеру үшін ХҚКО-ға жолдайтынын" хабарлаған.
– Көп ұзамай "ХҚКО қызметкері" қоңырау шалғанымен, әйел қылмыстық ниетті аңғарып, сөйлеспей қойған. Осыдан кейін алаяқтар қайта полиция атынан хабарласып, психологиялық қысым көрсетуге тырысқан. Оған әкімшілік айыппұл немесе тіпті үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен қорқытқан. Алайда әйел адам алаяқтармен сөйлесуді тоқтатып, бұл жөнінде полицияға хабарлайтынын ескерткен. Осылайша алаяқтардың айласы іске аспай қалды, – делінген хабарламада.