Семейде 19 жастағы студент қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталды

380

24 жастағы жергілікті тұрғын кісі өлтіру күдігімен ұсталды.  

Семейде 19 жастағы студент қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталды Фото: zhasalash.kz

Семейде 19 жастағы студент қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Полиция күдіктіні ізін суытпай ұстаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Полицияның мәліметінше, күдікті – 24 жастағы жергілікті тұрғын. Марқұм мен күдікті бұрын таныс болған. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс 21 қыркүйекте қозғалған.

– Күдікті дереу анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторында. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, - деді Семей қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасарының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ержан Аққалиев.

Әлеуметтік желіде марқұмның туыстарының жазбалары тарады. Онда қыздың жас жігіттің ұсынысынан бас тартқаннан кейін шабуылға ұшырағаны, сондай-ақ қылмысқа бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін екені айтылған. Бұл ақпаратты полиция әзірге растаған жоқ.

Марқұм Диляра Салимбаева Семей колледжінің үшінші курсында жол қозғалысын басқару мамандығы бойынша білім алған. Ұстаздары оны үздік студенттердің бірі ретінде сипаттап, қайғылы жағдайдан кейін ұжымның есеңгіреп қалғанын жеткізді.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде айқай-шуды естіп, жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына екі бригада келгенімен, қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Алдын ала медициналық қорытынды бойынша, өлімге мойын тұсындағы пышақ жарақаттары себеп болған.

Марқұмның таныстарының бірі оның шабуылдан сәл бұрын бұрынғы жігітімен сөйлесіп тұрғанын айтқан. Олардың арасында жанжал туындаған соң, ер адам оқиға орнынан кетіп қалған. Біраз уақыттан кейін айқай-шуды естіп, қайта оралған. Ол қызға көмек көрсетуге тырысып, жақын маңдағы адамдарды көмекке шақырған.

Қазір полиция қылмыстың себебі мен өзге де мән-жайларын анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда.

Марқұмның жерлеу рәсімі Көкпекті ауданында өтетіні хабарланды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу