Абай облысында күдікті жүргізуші куәлігін "алып беремін" деп жас жігітке уәде берген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Семей қаласының 22 жастағы тұрғыны полицияға алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Жәбірленушінің сөзінше, өзін "Айнұр" деп таныстырған әйел оған жүргізуші куәлігін рәсімдеуге жәрдемдесетінін айтып, сеніміне кірген. Оның сөзіне сенген тұрғын әйелге 270 мың теңге көлемінде ақша берген.
Алайда ақшаны алғаннан кейін әйел байланысқа шықпай қойған.
Полиция қызметкерлері күдіктіні – Семей қаласының 25 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Тергеу барысында ол өз кінәсін мойындап, алынған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын түсіндірді.
"Аталған факті бойынша алаяқтық дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Әйелге қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шарасы ретінде келу туралы міндеттеме қолданылды", – делінген облыстық ПД хабарламасында.