Семей қаласында қоқыс жәшігінен табылған жаңа туған нәрестеге қатысты іс бойынша күдікті – 20 жастағы әйел үйқамаққа жіберілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Еске салайық, 3 ақпанда Семейде қоқыс жәшігінің ішінен сүлгіге оралған шақалақтың мәйіті табылған болатын.
Абай облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер анықталып, процессуалдық әрекеттер жүргізу үшін полиция бөлімшесіне жеткізілген. Олардың қатарында нәрестенің анасы да бар. Алайда ол уақытша ұстау изоляторына қамалмаған.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл шешім қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу қажеттілігімен байланысты. Атап айтқанда, нәрестенің нақты өлім себебін анықтау бойынша сараптамалар мен өзге де тергеу шаралары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексерілуде. Тергеу қорытындысына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Полиция кінәсі дәлелденген әрбір тұлға заң аясында жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.