Семейде Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің қызметшілері ломбардтан ұялы телефон ұрлады деген күдікке ілінген үш азаматты ұстауға көмектесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың бірі медициналық бетперде киіп, көшеде күдік тудырған әрекетімен әскери жасақтың назарына іліккен.
Қала көшелерін патрульдеу кезінде жасақ бастығы, қатардағы Әлішер Хамитов пен сарбаз Асыл Қуғанов медициналық бетперде киген жас жігітті байқайды. Оның жан-жағына қайта-қайта қарап, әскери қызметшілерден бойын аулақ ұстауға тырысқаны күдік тудырған.
Ұландықтар жігітті тоқтатып, мән-жайды анықтауға кіріскен. Тексеру барысында жақын маңдағы ғимараттардың бірінің жертөлесінде оның тағы екі серігі бар екені белгілі болды. Әскери қызметшілер сол жерге барып, оларды да ұстады.
Оқиға орнына полиция шақырылып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері келгенге дейін ұландықтар аумақты күзеткен. Кейін үш азамат та мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Тексеру кезінде ұсталғандардың біріне ломбардтан iPhone 17 Pro ұялы телефонын ұрлады деген күдік келтірілгені анықталды.