Семейде аялдаған кезде ер адам ішінде банк карталары, 80 мың рубль және 6 мың теңге болған картхолдерін жоғалтып алғанын байқап, полициядан көмек сұрайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ақшасыз және банк шоттарына қолжетімсіз қалғандықтан, алыс сапарын жалғастыру оңайға соқпады. 31 тамыз күні сағат 20:28-де Равшан “102” арнасы арқылы көмек сұрап жүгінген. Хабарламаға Әуезов полиция бөлімінің жедел уәкілі Айбек Мұздыбаев дереу әрекет етті. Полицей картхолдерді белгісіз ер адамның тауып алғанын және оның кейін басқа жаққа кетіп қалғанын анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның жеке басы мен жүрген жері анықталды.
Бірнеше сағаттан кейін картхолдер ішіндегі барлық банк карталары және ақша қаражаттарымен бірге иесіне қайтарылды. Полицейдің жедел көмегінің арқасында Равшан Семейден Алматыға сапарын кідіріссіз жалғастыра алды.
Кейін жолаушы өзінің TikTok парақшасында бейнеүндеу жариялап, Айбек Мұздыбаевқа туған жерінен жырақта көрсеткен көмегі, адамгершілігі мен кәсібилігі үшін шынайы алғысын білдірді.