Семейде студенттер күзетшіге күтпеген тосын сый жасады

516

"Тебіренгенімнен көзімнен ыстық жас шығып кетті".

Семейде студенттер күзетшіге күтпеген тосын сый жасады Фото: Шәкәрім университетінің баспасөз хатшысынан

Семейдегі Шәкәрім университетінің белсенді студенттері білім ордасының күзетшісін туған күнімен құттықтап, тосын сый жасады. Видео әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан қызу талқыға түсіп, аз уақыт ішінде миллиондаған көрілім жинады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бүкіл желі қолданушылары студенттердің өнегелі істеріне ризашылықтарын білдіріп жатыр. Күзетші Мамырбек Ташкенбаев осы университеттің қауіпсіздігіне жауапты болып жұмыс істегеніне үш жылдан асыпты. Айтуынша мұндай тосын сыйды мүлдем күтпеген.

"Студенттерді жақсы танимын. Өте белсенді, ұйымшыл жастар. Қарашаның 11 күні оқу ордасының астыңғы қабатында студенттер топтасып тұр екен. Бірнешеуі мені сөзге айналдырып тұрды. Бір кезде біреуі белгі бергендей болды, сол кезде балалар балкүлшеге балауыз шам жағып, "туған күніңізбен" деп әнге басып маған келе жатты. Шынымды айтсам мүлдем күтпедім. Тебіренгенімнен көзімнен ыстық жас шығып кетті. Осы орайда барлық студенттерге алғыс айтамын", - дейді Мамырбек Ташкенбаев.

Белсенді студенттер бұл видеоны естелік үшін желіге жүктеген. Бірақ былайша таралып кетеді деп ойламаған.

"Шәкәрім университетінің 4 курс студентімін. Мамырбек ағамыз күнде таңертең оқытушылар мен студенттерді ерекше ыстық ықыласымен қарсы алады. Әрдайым қамқорлық жасайды. Биыл жазда сабаққа келгенде ағамыздың туған күнін біліп алғанмын. 11 қараша күні белсенді студенттер өзіміз бірлесіп, туған күнімен құттықтауды жөн көрдік. Осылайша шағын сый жасадық. Жақсы адамды қуантсаң, жақсы сезімде болады екенсің. Өзіміз бұл видеоны естелік үшін әлеуметтік желіге жүктедік, бірақ мынадай таралып кетеді деп ойламадық", - дейді белсенді студенттердің бірі Айнара Қайсарқызы.

Университеттың баспасөз хатшысының сөзінше, студенттер басқа да шараларға белсенді қатысады екен.

"Университеттің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман, яғни, Абай аңсаған кемел тұлғаны қалыптастыру. Осы тұрғыда студенттер қоғамға қызмет етуді, үлкендердің ризашылығын, үлкенге құрмет, кішіге ізет етуді басты парызы санайды", - дейді Шәкәрім университетінің баспасөз хатшысы Жансая Төлеуғазы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу