Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина Семей қаласындағы автогуж көпірін реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында жобаның іске асырылу қарқыны, құрылыс сапасы және жұмыс кестесінің сақталуы қаралды.
Көпірді жаңғырту жұмыстары 2022–2026 жылдар аралығында жүзеге асырылуда. Нысанның жалпы ұзындығы 1 350 метрді құрайды, оның ішінде 540 метрі автожол өткелдеріне, ал 810 метрі көпірдің аралық құрылымына тиесілі. Көпірдің ені 23 метр. Жоба аясында 9 тірек орнату жоспарланған.
Бүгінгі таңда 9 тіректің 8-і тұрғызылған. Сонымен қатар нысанға жалпы көлемі 9 мың тонна металл конструкция жеткізіліп, оның 4,7 мың тоннасы орнатылды.
Анар Ғабдуллина жобаны белгіленген мерзімде сапалы аяқтаудың маңызын атап өтіп, құрылыс жұмыстарының кестесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Жоба Абай облысы тұрғындары үшін маңызды инфрақұрылымдық нысан болып саналады. Реконструкция аяқталғаннан кейін көпір Семей қаласының жағалаулары арасындағы көлік қатынасын едәуір жеңілдетіп, өткізу қабілетін арттыруға және қалалық инфрақұрылымның дамуына серпін бермек.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда.