Семейдегі өрттен кейін Іле-Алатау ормандары тәулік бойы бақылауға алынды

282

Биыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орманды қорғау жүйесін жаңартты.    

Семейдегі өрттен кейін Іле-Алатау ормандары тәулік бойы бақылауға алынды Фото: gov.kz

Өрт сөндіру стансасы салынды, өртті ерте анықтайтын бейнебақылау жүйесі іске қосылды, материалдық-техникалық база жаңартылып, ауқымды профилактикалық жоспар әзірленді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында "Іле-Алатау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орман өрт сөндіру станциясының басшысы Дәулет Жетпісбаев айтты.

"Өрт қаупі жоғары маусымға дайындық аптап ыстық басталмай тұрып қолға алынады. Биыл өртке қарсы жолдарды жөндеу, минералдандырылған жолақтар жасау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу секілді бірқатар профилактикалық іс-шара жоспарланған. Негізгі мақсатымыз – орман өрттерінің алдын алып, ұлттық парктің бірегей табиғатын сақтау", – деді Дәулет Жетпісбаев.

Қазіргі таңда Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінде 69 қызметтік кордон, 22 өрт бақылау мұнарасы, 22 тікұшақ алаңы және қолжетуі қиын аумақтарға жетуге мүмкіндік беретін 123 қызметтік жылқы бар.

Дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – орман өрттерін ерте анықтайтын заманауи жүйені енгізу.

Ақсай, Медеу, Талғар және Түрген филиалдарында 15 антенна-діңгек құрылғысы орнатылды. Қазір тәулік бойы орман қорын бақылайтын 13 бейнекамера сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Орталық жедел басқару орталығы да толық іске қосуға дайын. Мұнда құрылыс және монтаж жұмыстары аяқталып, операторлардың жұмыс орындары жабдықталған, заманауи байланыс және есептеу техникасы орнатылған.

Мамандар бейнемониторинг жүйесімен жұмыс істеу бойынша арнайы оқудан өтті.

"Заманауи технологиялардың көмегімен өрт ошақтарын әлдеқайда ерте анықтай аламыз. Қазірдің өзінде бейнекамералар тәулік бойы жұмыс істейді, ал Орталық жедел басқару орталығы орман қорын үздіксіз бақылауда ұстап отыр. Өрт неғұрлым ерте анықталса, оны бастапқы кезеңде ауыздықтап, ірі шығынның алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады", – деді Дәулет Жетпісбаев.

Өрт қаупі жоғары маусым басталғалы ұлттық парк аумағында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 8 дерегі тіркелді. Әкімшілік материалдарды қарау нәтижесінде құқық бұзушыларға жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды.

Мамандардың айтуынша, өрт маусымына дайындық жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Негізгі назар орман өрттерінің алдын алуға, өртті ерте анықтау жүйесін одан әрі дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейтуге аударылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу