Семейдегі жаңа автокөлік көпірінің құрылысы қарқын алды

181

Көпірдің сегіз тірегі тұрғызылып, 6 мың тоннадан астам металл конструкция монтаждалды.  

Семейдегі жаңа автокөлік көпірінің құрылысы қарқын алды Фото: ҚР Көлік министрлігі Telegram

Семейде қала аудандары арасындағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған жаңа автокөлік көпірінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазір көпірдің жоспарланған тоғыз тірегінің сегізі тұрғызылды. Сонымен қатар аралық құрылыстың блоктары мен ортотропты плиталар монтаждалып, бойлық және көлденең түйіспелер дәнекерленіп жатыр.

Жоба бойынша 9 020 тонна металл конструкция орнату көзделген. Бүгінде оның 6 031 тоннасы монтаждалды.

Көпірге кірме жолдардың құрылысы да жалғасуда. Шәкәрім көшесінде ірі түйіршікті асфальтбетон төсеу аяқталған. Тәңірбергенов көшесінде жер жұмыстары мен инженерлік желілерді қайта орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңа көпірдің жалпы ұзындығы 1 350 метр болады. Оның 810 метрі аралық құрылысқа, 540 метрі автожолға арналған кірме жолдарға тиесілі. Көпірдің ені 23 метрді құрайды.

Нысанды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Құрылыс аяқталғаннан кейін көпір қала аудандары арасындағы көлік қатынасын жақсартып, оның ішінде жүк көліктерінің қозғалысын жеңілдетеді. Сондай-ақ қолданыстағы өткелдерге түсетін жүктеме азаяды.

Құрылыс барысында жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуы мен монтаждау және дәнекерлеу жұмыстарының сапасына басымдық беріліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу