Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс қабылдаған "Психологиялық қызмет туралы" заң мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, бүгінде психологиялық қолдаудың маңызы қоғам өмірінің барлық саласында артып келеді.
"Заң психологиялық қызмет көрсету саласында бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға, азаматтардың сапалы психологиялық көмек алуына бағытталған. Заңда психологтардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптарды күшейту көзделген. Атап айтқанда, кәсіптік стандарт енгізіліп, мамандардың даярлық деңгейіне, кәсіби құзыреттеріне және біліктілігіне нақты талаптар белгіленеді. Сонымен қатар, психологтардың Әдеп кодексі бекітіліп, кәсіби жауапкершілік пен құпиялылық қағидаттарын сақтау қамтамасыз етіледі. Психологиялық көмектің сапасын арттыру мақсатында ғылыми негізделген әдістерді қолдану талабы енгізіліп, мамандардың кәсіби дамуын қолдайтын супервизия институты қарастырылған", – деп түсіндірді ол.
Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – психологтарды сертификаттау институтын енгізу. Әсем Рахметова сертификаттау маманның кәсіби даярлығы мен біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді деп есептейді.
"Сондай-ақ психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу көзделіп отыр. Мемлекеттік тізілімге енген психологтар өз ісіне жауапкершілікпен қарауға міндетті болады. Аталған тетіктерді енгізу үшін елімізде қажетті кадрлық және институционалдық негіз қалыптасқан. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес психологтарды 43 жоғары оқу орны даярлайды. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 17 мың студент білім алуда, ал жыл сайын 4 мыңға жуық маман оқуын аяқтайды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы аталған орталықтар 50 мыңға жуық психологиялық кеңес берген", – деді депутат.