Сенат депутаты елдің азық-түлік қауіпсіздігіндегі ең осал буынды атады

66

Дамыған елдерде ашық есептің цифрлық жүйелері қолданылады.

Сенат депутаты елдің азық-түлік қауіпсіздігіндегі ең осал буынды атады Фото: senate.parlam.kz

Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында жануарлардан алынатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелері туралы айтып берді. Бұл сала еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі жүйесіндегі ең осал буын болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 

Депутаттың сөзінше, агроөнеркәсіп кешеніне инвестицияның өсуі және саланың оң көрсеткішіне қарамастан, тұрақтылықтың негізгі белгісі – азық-түлік қауіпсіздігі жұртшылықты мазалап отыр. Мемлекет аграрлық саланы қарқынды түрде көтермелеп отырған жағдайда, мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мәселелерін шешуге салғырттық таныту – халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету мен еліміздің азық-түлік саясатына деген сенімге нұқсан келтіруі мүмкін. 

"Ветеринариялық бақылаудың әлсіздігі, тексерістердің тұрақсыздығы, зертханалық қуаттың жеткіліксіздігі, жем-шөпке қойылатын нормативтердің және жем-шөп базасын бақылаудың болмауы, сондай-ақ рұқсат етілетін шекті деңгейлердің реттелмеуі, антимикробтық резистенттілік деңгейінің артуы – әлсіз мониторингтің салдарынан күшейіп отырған жаһандық қауіп. Импортталатын мал шаруашылығы өнімдерінде жануарлардың өсу гормондары, стимуляторлар және өзге де тыйым салынған немесе қолайсыз қоспалар қосылған жеммен қоректенген қаупі бар", – деді сенатор.

Бибигүл Жексенбай осыған байланысты бұл көрсеткішке ерекше көңіл бөлу қажет деп отыр. Себебі дәл таңбалау халықтың өнімнің пайдалығы немесе зияндылығы туралы хабардарлығын қалыптастырады.

Сенатор халықаралық тәжірибе, әсіресе ЕО, ЭЫДҰ елдері мен БҰҰ құрылымдарында өсу гормондарына тыйым салу және антибиотиктерді профилактикалық қолданудан бастап зертханаларды міндетті аккредиттеуге, ашық мониторингке және "мал азығы – өнім" қадағалау жүйесіне дейін жануардан алынатын өнімдер сапасын қатаң бақылауға алуға негізделгенін атап өтті. Дамыған елдерде ашық есеп, қалдық заттардың қатаң нормативтері және таңбалаудың цифрлық жүйелері қолданылады. 

"Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын қамтамасыз етуде стандарттарына барынша сәйкестендіру және жем-шөпке арналған нормативтерді жетілдіріп, мемлекеттік стандарттар мен техникалық регламенттерді енгізу керек. Өнімдердің сертификатталуы және зертханалық зерттеулерден өтуі бойынша ашық қолжетімділігі бар ұлттық деректер базасын құрып, мониторинг жүргізу керек. Халық денсаулығына зиян келтірген жағдайларда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтіп, кластерлік шешімдер арқылы органикалық қоспалар өндірісін дамыту және антибиотиктер мен гормондардың қауіптері туралы халықты ақпараттандыру жөніндегі жалпыұлттық кампания жүргізу керек", – деді Сенат депутаты.

Айта кету керек, бұған дейін сенатор "Дипломмен – ауылға" бағдарламасын сынға алғанын жазғанбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу