Сенат депутаты мектеп психологының жалақысын арттыруды ұсынды

472

Бір мектеп психологы 2 мың оқушыға көмек береді.

Сенат депутаты мектеп психологының жалақысын арттыруды ұсынды Фото: canva.com

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының жалақысын көбейтуді ұсынып отыр. Ол өзінің депутаттық сауалын Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әдетте білім саласындағы балалардың психологиялық жағдайы мен мінез-құлықтарындағы алғашқы ауытқулар балабақша немесе мектеп жасында анықталады. Өңірлерде өткен кездесулерде сайлаушылар бұл салада бірнеше шешілмеген мәселелер бар екенін атап айтты. Оқу-ағарту министрінің №224 бұйрығындағы нормативке сәйкес, психологтардың штат саны мектептегі жалпы сынып бірліктері бойынша есептелген. Осыған сәйкес кез келген білім беру мекемесінде психолог штаттары 0,5-тен 2 бірлік арасында қарастырылған. Орта есеппен 1,5 мың бала оқитын мектептерде 60, ал 4,5 мың және одан да көп оқушылары бар білім ошақтарында 170-тен көп сынып бар. Яғни бір психолог 2 мың оқушыға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсетіп жатыр", - деді сенатор.

Айтуынша, психологта үлкен жүктеменің болуы салдарынан нақты мұқтаж адамдарға көмек берілмей жатады. Депутат білім мекемелеріндегі психолог саны нормативін қайта қарауды, оқу жүйесіндегі үш деңгейде психологтың болуын қамтамасыз етуді сұрады. 

"Екіншіден, педагог психологтардың тапшылығына байланысты ЖОО-ларға бөлінетін гранттарды көбейтуді және кәсіби мамандарды дайындау сапасына көңіл бөлген жөн. Үшіншіден, бүгінде мамандардың мемлекеттік білім беру мекемелерінен жеке құрылымдарға ауысуы орын алып жатыр. Себебі балалардың өмірі, денсаулығы мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі психологтардың жоғары жауапкершілігі, сондай-ақ еңбекақының төмен дейгейі тікелей әсер етіп жатыр. Қазір 10 жыл өтілі бар психолог орта есеппен 143 мың теңге, 20 жылы өтілі бар маман 150 мың теңге жалақы алады", - деп жалғастырды ол.

Ғалиасқар Сарыбаев оқушының жеке ерекшеліктері мен әлеуетін анықтау үшін арнайы пән енгізу қажеттігі туралы да айтты. 

"Ресми түрде психолог штаттары 1987 жылы мектептерге енгізілгенімен, олардың заңды мәртебесі әлі де анықталмаған. Еңбекақы төлеу жүйесінде олар қосымша мамандық ретінде айқындалған", - деді Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу