Сенат дербес деректерді қорғауды күшейтуге бағытталған заңды мақұлдады

250

Жеке құжаттардың көшірмесін жинауға әрі өңдеуге тыйым салынады.

Сенат дербес деректерді қорғауды күшейтуге бағытталған заңды мақұлдады Фото: inbusiness.kz

Сенатта “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы екінші оқылымда мақұлданды. Құжаттағы іс-шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін күшейтпек.

“Бұл Заң ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеу мақсатында әзірленді. Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған заң дербес деректерді қорғауды күшейтуге және цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеуді құқықтық жетілдіруге бағытталған”, - деді сенатор. 

Бибігүл Жексенбай 4 кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін атап өтті.

“Қазіргі таңда дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, интернет алаяқтардың көбейіп, олардан мыңдаған қазақстандықтар зардап шегіп жатыр. Біріншіден, заң дербес деректердің айналымы мен сақталуы бағытында мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Дербес дерекке ие операторлармен профилактикалық жұмысты жолға қояды. Әр оператор дербес деректер жария болып кеткен жағдайда реттеуші мемлекеттік органға хабарлауы заңмен бекітіліп отыр.  

Екіншіден, арнайы мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік  Орталығының функциялары кеңейтіледі. Орталық мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне өзара әрекеттесу бағдарламасымен толықтырылады”, - деп жалғастырды ол. 

Сенат депутатының дерегінге, еліміз бойынша 350-ге жуық мемлекеттік ақпараттандыру нысаны бар. Орталық Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің жанында жұмыс істейтін болады.  

“Заң бойынша жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады. Еліміздің қауіпсіздігі мақсатында көшіп келушілердің құжаттарын талап ету ұсынылады, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаңа тетіктер енгізіледі, Заңның бір бөлігі, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау рәсіміне арналады. Алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында адамдарға “электрондық үкіметтің” веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі”, - деді Бибігүл Жексенбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу