Сенат ЕАЭО-да сот қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы өзгерістер қабылдады

Заңды іске асыру ҚР бюджетінен қаржы қаражатын талап етпейді. 

Сенат ЕАЭО-да сот қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы өзгерістер қабылдады Фото: turkystan.kz

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары палатаның жалпы отырысында қарап, "Еуразиялық экономикалық комиссияның және Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақ Сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Құжатты Сенаторларға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова таныстырды. Ол хаттамада Еуразиялық экономикалық одақтағы әлеуметтік кепілдіктер, артықшылықтар мен иммунитеттер туралы ереже деп аталатын 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 32-қосымшаға өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті.

Бұл өзгерістердің бастамашысы Одақ туралы шартқа 32-қосымшаның 53-тармағын РФ-ның заңнамасына сәйкес келтіру мақсатында Ресей тарапы болды.

 "Хаттаманың күшіне енуі аталған адамдарға Ресей Федерациясында еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы алуға құқығы бар азаматтардың басқа санаттарымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссияда және Еуразиялық экономикалық одақтың Сотында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде алған зейнетақы құқықтарының іске асырылуы мен қорғалуын қамтамасыз етеді. Айта кету керек, бұл мәселе Ресей заңнамасының нормалары бойынша Ресей Федерациясы азаматтарының еңбек еткен жылдары үшін зейнетақымен қамтамасыз етуге ғана қатысты", – деді Тамара Дүйсенова.

Қазақстан БЭЖ мүшесі болып табылатынын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың нысанасы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары болып табылатынын ескере отырып, Хаттама ратификациялауға жатады.

Заңды іске асыру ҚР бюджетінен қаржы қаражатын талап етпейді, өйткені енгізілетін өзгерістер Қазақстан азаматтарының құқықтарын қозғамайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу