Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қарап, оны Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты сенатор Сұлтан Дүйсембинов таныстырды.
Заң осы жылдың 18 маусымында Сенат отырысында қаралды және бірінші оқылымда мақұлданды. Заңмен Қазақстан Республикасының Жер, Орман Кәсіпкерлік, Экологиялық және Су кодекстеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 7 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
"Заңда экологиялық саланы цифрландыру, қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіру, климаттық реттеу тетіктері мен көміртегі офсетін дамыту, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру, сондай-ақ экологиялық реттеу мен бақылаудың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар көзделеді. Заңмен мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдаулар өткізуге қатысты жекелеген ережелер нақтыланады", – деді депутат.
Заң шеңберінде мыналарға бағытталған нормалар көзделеді:
- инвестициялық жобалар мен көмірсутектерді барлау жөніндегі жобалар үшін экологиялық рұқсаттар мен қорытындылар алу мерзімдерін қысқарту (теңізде көмірсутектерді барлауды қоспағанда);
- қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіру;
- коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және көму орындарын ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін бекіту;
- Париж келісімінің 6-бабының климаттық қаржыландыру тетіктерін енгізу және нарықтық тетіктерді іске асыру тәртібін реттеу.
"Заңды екінші оқылымға дайындау барысында Бас комитет Қазақстан Республикасының ұлттық үлесін орындау мақсатында Париж келісімінің нарықтық тетіктері негізінде іске асырылатын жобалардың нәтижелерін есепке алу тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің жаңа 288-1-бабының ережелерін қосымша қарады. Мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен талқылаудың қорытындысы бойынша Комитет халықаралық климаттық қаржыландыруды тарту және климаттық жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау мақсатында көрсетілген баптың 6-тармағын түзету қажеттігі туралы қорытындыға келді. Бұл ұсыныс салыстырма кестеге жинақталды", – деді сенатор.
Осылайша заңның жеке бабын мақұлдамау және көрсетілген баптың жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтару ұсынылды.