Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ("Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі" даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) ратификациялау туралы" және "Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Инклюзивті және орнықты экономикалық өсу бағдарламасы) ратификациялау туралы" заңдар мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенатор Бекболат Орынбековтің айтуынша, аталған екі заңның да негізгі мақсаты ортақ, ол – жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығын уақтылы қаржыландыру және мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік және экономикалық міндеттемелерін үздіксіз қамтамасыз ету.
"Қаржылық шарттарға тоқталатын болсақ, екі халықаралық қаржы ұйымымен де келісімдер өте ұқсас әрі тиімді негізде жасалған. Мәселен, Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінен тартылатын қарыз сомасы 62,3 миллиард жапон йенін құраса, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен тартылатын екінші қарыз сомасы 92,3 миллиард жапон йеніне тең. Екі келісім бойынша да қаржыландыру шарттары бірдей, атап айтқанда, қарыздар 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жылдық мерзімге беріледі. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі халықаралық TONA нарықтық ставкасына негізделген. Ал банктің қызметі мен ақшаның пайдаланылмаған бөлігі үшін төленетін комиссия көлемі несие сомасының небәрі 0,25 пайызын ғана құрайды", – деді депутат.
Бұл ретте, аталған қарыздарға қызмет көрсету мен оларды өтеу шаралары алдағы жылдардың республикалық бюджетінде көзделетін қаражат есебінен Қаржы министрлігі тарапынан жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.
"Заңдарды қабылдаудың нәтижесінде мемлекетіміз ағымдағы жылдың бюджет тапшылығын тиімді жауып, экономиканың өсуін қолдау бағдарламаларын кедергісіз жалғастыруға мүмкіндік алады, осылайша 2026 жылға арналған республикалық бюджет шеңберінде мемлекеттің өзіне қабылдаған барлық міндеттемелерінің толық орындалуы қамтамасыз етіледі", – деп атап өтті Бекболат Орынбеков.