Сенат ОАӨЭЫ институтын құру туралы келісімді ратификациялады

563

Осылайша Қазақстан Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының толыққанды мүшесіне айналды. 

Сенат ОАӨЭЫ институтын құру туралы келісімді ратификациялады Фото: inbusiness.kz

Сенаторлар "Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.

"Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институты келісімге сәйкес өзіне тағайындалған функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті артықшылықтар мен жеңілдіктерге ие болатын толық заңды тұлғасы бар үкіметаралық ұйым ретінде құрылды. Институтты 11 ел (Ауғанстан, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, ҚХР, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан) мен 7 халықаралық ұйым құрды", - деді Шәкәрім Бұқтұғұтов. 

Оның айтуынша, Қазақстан тарапы 2022 жылдың 21 ақпанында Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтын құру туралы келісімге қол қойды. 

"Бүгінде бақылаушы мәртебесіне ие. Еліміз аталған келісімді ратификациялағаннан кейін ғана институттың толыққанды мүшесіне айналады", - деп атап өтті сенатор.

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институты 2015 жылғы 15 наурызда Үрімші қаласында ресми түрде ашылды.

"Заңның қабылдануы Қазақстанға ғылыми жобаларды іске асыруға, мүше мемлекеттердің өңірлік ынтымақтастық процестеріне қатысуын кеңейтуге  және олардың әлеуетін жақсартуға бағытталған институттың толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының Қазақстан Республикасында филиалын құруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде жергілікті ғылыми әлеует деңгейін арттыруға,  қосымша жұмыс орындарын ашуға, бизнес-туризмді дамытуға әкеледі", - деді қосымша баяндама жасаған сенатор Бауыржан Қаниев.

Институтқа мүшелік жарнаның көлемі ерікті әрі дауыс беру құқығына ешқандай әсер етпейді. Барлық шешімді басқарушы кеңес қатысушы елдердің консенсусы негізінде қабылдайды. 

Институтқа мүше елдер кез келген уақытта депозитарийге жазбаша хабарлама тапсыру арқылы оның құрамынан өз қалауы бойынша шыға алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу