Сенат сайлауы: кандидаттарды тіркеу аяқталды

605

Сенат депутаттығына сайлауға түсуге 66 кандидат тіркелді. Олардың 20-сы әйел. 63 адам өзін өзі ұсынған. Ең жас үміткер 31-де.  

Сенат сайлауы: кандидаттарды тіркеу аяқталды Фото: egemen.kz

Кандидаттар арасында дәрігерлер, инженерлер, заңгерлер, саясаттанушылар, журналистер мен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері бар, деп хабарлайды inbusiness.kz Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап.

Айта кетейік, үміткерлерді ұсыну 14 желтоқсанға дейін жалғасты. Ал кандидаттарды тіркеу мен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 24  желтоқсанда басталды. Оны өткізуге 19 күн беріліп отыр. Яғни, сайлауға бір күн қалғанда түнгі сағат 12-де аяқталады. 13 қаңтар – тыныштық күні.

"Негізі 130 үміткер құжаттарын тапсырған болатын. Орташа алғанда бір орынға 3 үміткерден келеді. Өңірлер арасында ең көп кандидат Алматы қаласы мен Жамбыл облысында, бес адамнан тіркелді", - деп мәлімдеді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

4 кандидат Абай және Түркістан облыстарында тіркелген. Қалған 15 облыста және Шымкент қаласында 3 кандидаттан тіркелді. Кандидаттардың аты-жөні сайлау бюллетеніне әліпби тәртібімен жазылады. "Бәріне қарсымын" деген жол да енгізіледі. Сайлау туралы Конституциялық заңның 37-бабына сәйкес, бюллетеньдер облыстағы сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервімен дайындалады.

Еске сала кетейік, 14 қаңтарда Сенат депутаттарын сайлау өтеді. Еліміздің 20 өңірінен бір-бір депутат сайланады. Әр кандидатқа бюджеттен 550 мың теңге қаражат бөлініп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу