Сенат Төрағасы АӨК-ті субсидиялау туралы: Ережелерге 5 жыл ішінде 50-ден астам өзгеріс енгізілді

242

Мәулен Әшімбаев бүгін осы мәселені назарға алып, Үкімет мүшелерін сынға алды. 

Сенат Төрағасы АӨК-ті субсидиялау туралы: Ережелерге 5 жыл ішінде  50-ден астам өзгеріс енгізілді Фото: Inbusiness.kz

Ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидия жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан шетелден ауыл шаруашылығы өнімдерін көп көлемде импорттауды әлі де жалғастырып келеміз. 

2018 жылдан бастап ауыл шаруашылығын субсидиялауға 1,8 трлн теңге бөлінген. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден 2 есе көп. Төрт жыл ішінде республикалық бюджеттен 874,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 858,3 млрд теңге бөлінді.

"Біз қарастырып отырған бюджетте аграрлық секторды қолдауға алдағы үш жылға 1,2 трлн теңге қарастырылған. Мұндай қаржы бөлінетін басқа саланы табу қиын. Сонымен қатар соңғы 5 жылда бізде азық-түлік импорты да 2 есе өсті. Мұнда өндірістер бойынша белгілі бір ілгерілеушілік болғанымен проблемалар әлі де бар. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығында қайта өңдеу кәсіпорындарының көбеюін қамтамасыз ету аса маңызды міндет екені сөзсіз. Мемлекет басшысы біздің алдымызға осындай нақты міндеттер қойған болатын", – деді Сенат Төрағасы. Ол сондай-ақ жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақтылы іске асыруға қажетті негізгі шарттарды атап өтті.

Сонымен қатар ол азық-түлік импортын төмендетумен бірге саланы дамыту үшін бюджет қаржысын барынша тиімді пайдаланудың негізгі міндеттерін де белгіледі.

"Ең алдымен – бюджеттен бөлінетін қаржыны ұтымды пайдалану керек. Біз ауыл шаруашылығына, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялауға ауқымды қаржы бөлеміз. Ең маңызды мәселе – бұл қаржыны бақылау болып отыр", – деп атап өтті Палата Төрағасы.

Тағы бір мәселе – үнемі өзгеріп отыратын субсидиялау ережелері. Фермерлер әрдайым жаңа талаптарға дайын бола бермейді, ал инвесторлар мұндай тұрақсыздықтан кейін салаға инвестиция салуға асығар емес.

"Субсидиялау ережелері соңғы жылдары 50 рет өзгерді. Бұл өндірушілердің көңіл-күйіне оң әсер етпейтіні және қосымша қиындықтар тудыратыны анық. Мұндай үрдіс соңғы жылдары жалғасып келеді. Алдағы уақытта осы бағытта белгілі бір өзгерістер болады деп үміттенеміз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламалық құжаттар соңғы жылдары 3 рет өзгерді. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның да 1 қаңтардан бастап күші жойылады. Жаңа құжат осы бағытта болуға тиіс. Яғни, егер біз субсидиялау тәсілдерін үнемі өзгертетін болсақ, бағдарламалық құжаттарды ауқымды қаржы бөлу аясында өзгертсек, мұның бәрі қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Сондықтан мұнда әріптестер, сенаторлар үнемі көтеретін мәселелер қамтылған және біз бұл оларды бақылауда ұстауды жалғастыра береміз. Бұл жерде дәйекті және болжамды мемлекеттік саясат қажет", – деді Мәулен Әшімбаев.

Ол ауыл шаруашылығы министріне арнаған сөзінде алдағы уақытта орта мерзімді перспективаға нақты әрі дәйекті қадам болады деген үмітін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу