Сенат заңды қабылдады: Отандық дипломдар енді Азия-Тынық мұхиты елдерінде танылады

336

Сенаттың жалпы отырысы өтті.

Сенат заңды қабылдады: Отандық дипломдар енді Азия-Тынық мұхиты елдерінде танылады Фото: gov.kz

Сенат Мәжіліс қабылдаған "Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Конвенцияны сенатор Әсем Рахметова таныстырды. Құжатқа 2011 жылғы 26 қарашада Токиода қол қойылған. 

"Конвенция Азия-Тынық мұхиты аймағында жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану саласындағы ынтымақтастықты орнатуға бағытталған. ЮНЕСКО шеңберінде әзірленген бұл Конвенция аясында дипломдар, академиялық дәрежелер мен өзге де біліктіліктерді тану рәсімін жеңілдету, оларды бағалауда ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету, сондай-ақ өңір елдері арасындағы академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейту мақсат етілген.

Токио конвенциясына Ауғанстан, Армения, Аустралия, Қытай, Фиджи, Қасиетті Тақ, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей және Түркия сияқты он екі мемлекет кіреді. Заң ережелері бойынша, Конвенциясын ратификациялау оған  қатысушы елдердің жоғары білімге қатысты біліктіліктерді тану жөніндегі ұлттық ақпараттық орталықтарының аймақтық желісіне (APNNIC) кіруді көздейді", – деді депутат.

Оның айтуынша, аталған портал студенттер мен оқытушылардың физикалық немесе виртуалды ұтқырлығын ілгерілету үшін біліктіліктерді тану туралы ақпарат ұсынып отыр. 

"Бұл ортақ желі арқылы шетелдік дипломдардың түпнұсқалығын растау, жоғары білім беру жүйесінің сапасы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды тану рәсімі үшін қажетті мәліметтерді қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел ақпарат алмасуға жағдай жасалынған. Конвенцияға қосылу азаматтарымыздың дипломдары мен біліктіліктерін Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінде танытуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильдік мүмкіндіктерін жеңілдетуге, ұлттық білім жүйесінің тартымдылығын арттыруға, азаматтардың шетелде кәсібі бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Конвенцияны ратификациялау кезінде Қазақстан Республикасы бейресми оқу үлгілері арқылы алынған біліктіліктер мен ішінара оқу курстарын тануға қатысты 4-баптың 7-тармағына, 5-баптың 1,2 тармақтарына, 6-баптың 3-тармағына, 8-баптың 4-тармағына ескертпе жасайды", – деді Әсем Рахметова.

Сенат депутаты Токио конвенциясына қосылу Қазақстан мен бүкіл Орталық Азиядағы білім беруді дамыту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Айта кету керек, бұған дейін енді қазақстандық диплом Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореяда ресми түрде мойындалатынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу