Сенатор қан донорына төленетін өтемақыны арттыруды ұсынды

220

Қазір елімізде қан донорларына 0,25 АЕК көлемінде өтемақы беріледі. 

Сенатор қан донорына төленетін өтемақыны арттыруды ұсынды Фото: pixabay.com

Сенатор Ақмарал Әлназарова қан донорына төленетін өтемақы мөлшерін ұлғайтуды ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Дәрілік заттардың, ең жаңа технологиялардың енгізілуіне қарамастан, пациенттерді емдеуде донорлық қанның рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Әлі күнге дейін кейбір жағдайларда адам өмірі қан препараттарының, донордың бар-жоғына тікелей байланысты. Қан препараттарының компоненттерін қолдану арқылы ғана емдеуге мүмкін болатын ауру түрлері бар. Оған гемофилия, лейкоз, жаппай қан кету, ауыр жарақаттар жатады. Республика бойынша жылына 380 мыңнан астам қан құю жүргізіледі, донорлық қан өнімдерін 100 мыңға жуық пациент алады. Соңғы 5 жылда реципиенттердің өсімі 14,4% болса, қан құю көрсеткіші 13,6%-ға артты. Қазіргі демографиялық үдерісті ескере отырып, алдағы 10 жыл ішінде донорлық қан компоненттерін тұтыну көлемі одан әрі өседі деп болжауға болады", – деді сенатор депутаттық сауалында.

Оның сөзінше, отандық денсаулық сақтау жүйесін донорлық қан компоненттерімен қамтамасыз етуге жыл сайын 250 мыңға жуық донор қатысады. Оның ішінде 47%-ы – тұрақты донорлар.

"Бір қан донациясы бірден 2-3 пациентті емдеуге қатысса, 1 литр плазма алуға 4-5 донордың қаны қажет болады. (...) Бүгінде, қан донорлары қан беру кезінде энергетикалық шығындардың өтемақысы ретінде 0,25 АЕК мөлшерінде немесе 923 теңге алады. Әрине, ерікті донорлықты қажетті деңгейде ұстап тұруға бұл қаржы жеткіліксіз. 10 жылда осы мәселе бірнеше рет көтерілгенімен, оған лайықты көңіл бөлінбей келеді", – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Сенатор донорларға берілетін өтемақы мөлшерін 0,25 АЕК-тен 1,25 АЕК-ке дейін арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.

"Қосымша бюджет қаражаты жылына шамамен 848 млн теңгені құрайтын болады", – деп қосты ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу