Сенатор Өзбекстанмен шекаралас аудандардың мәселесін көтерді

1104

Түркістан облысына бөлінентін субвенция 22 млрд теңгеге азайтылды.

Сенатор Өзбекстанмен шекаралас аудандардың мәселесін көтерді

Сенат депутаты Әли Бектаев өңірлерге берілетін субвенциялардың әділетсіз бөлінетініне наразы. Қазақстанның 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиевке осы мәндегі сауал қойылды.

"Сіздер көрсеткен дерек бойынша 2020 жылы барлық өңірлерге берілетін субвенция мөлшері 30-дан 100%-ға дейін артады екен. Нақты айтсақ, Ақтөбеге биылғыдан 2 есе көп бөліп отырсыздар. Субвенция көлемі 22 млрд теңгеге азайтылған жалғыз облыс Түркістан болып отыр. Маған мүлде түсініксіз. Түркістан облысында құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып қойып па еді? Әлде қосымша табыс әкелетін зауыттар мен фабрикалар ашылып па еді? Әлде өңір халқы басқа жаққа көшіп кетіп пе еді? Әлде Түркістан облысында бала туу тоқтап қалды ма? Өңірлерге субвенция бөлудегі ұстанымдарыңыз шынымен түсініксіз", – деген сенатор Өзбекстан шекарасындағы елдімекендердің тұрмыс сапасын сынға алды. 

"Түркістан облысында кезінде Мақтарал, Жетісай, Киров, Сарыағаш, Келес аудандары бір-бірімен біріктірілген болатын. 20 жыл өтті. Өкінішке қарай,  бұл аудандардың екінші бөлігі кенжелеп қалды. Бұл аудандарға әлеуметтік және басқа да нысандар салу үшін бірде-бір тиын бөлінген жоқ. Президент Жарлығымен бұл аудандар ажыратылғанымен, инфрақұрылымы ескірген қалпы қалды. Газ тартылмаған, таза ауызсумен қамтылмаған. 2020 жылдың бюджетінде Келес және Мақтарал аудандарында тек 6 жоба ғана қарастырылған.  Аудандарды бөлген екенбіз, тіршілігін бекемдеуіміз керек қой. Оның үстіне аталмыш аудандар шекараға тиіп жатыр. Өзбекстан жағында Мақтаралмен іргелес бес аудан бар.  Олардың бәрінде халық газбен және сумен 100% қамтылған. Инфрақұрылымы да 100% жұмыс істеп тұр. Бұл тіпті саяси мәселе. Ал бізде аталмыш аймақ қосымша инвестицялық салымсыз қалып отыр", – деді депутат.

Мәди Тәкиев бұл сауалға Түркістан облысына онсыз да көп субвенция бөлініп отыр деген жауап айтты.  

"Субвенция бойынша ең көп бөлінетін облыстар қатарында тұр. Түркістан облысы бойынша бізде кешенді жоспар қабылданған. Сол жоспарды іске асыру үшін 2024 жылға дейін 1,2 трлн теңге қарастырылған. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасының аясында бұл аудандарға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Соның арқасында 84 жоба іске асады", – деді вице-министр. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу