Сенатор жаңа Салық кодексінде қандай өзгерістер болатынын айтты

131

Салалар бойынша сараланған ставкалар енгізу ұсынылып отыр. 

Сенатор жаңа Салық кодексінде қандай өзгерістер болатынын айтты Фото: Farabi University

Сенатор Бекболат Орынбеков жаңа Салық кодексін таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қолданыстағы кодекс – бизнес тарапынан камералық бақылау, қосылған құн салығын қайтару жүйесі және басқа да мәселелер бойынша көптеген шағымдарды тудырғаны белгілі. Сондай-ақ, тиімсіз салық шығыстарын беру тәуекелдерін анықтау және оларды азайту бойынша нақты регламенттер бекітілмеген. Аталған мәселелер – Салық кодексін жаңа редакцияда қайта қарауға негіз болған себептердің бірі. Жаңа Салық кодексі экономикалық өсімге тұрақты, әділ, ашық және салық салуда болжамды, сондай-ақ оның жоғары кірістерін сақтай отырып, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауы тиіс", – деді сенатор Бекболат Орынбеков Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор Бекболат Орынбеков құжаттағы негізгі бағыттарға тоқталды.

"Корпоративтік табыс салығының базалық 20%-дық мөлшерлемесін сақтай отырып, кейбір салалардың ставкаларын саралау. Кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру қызметін қоспағанда, банк секторы үшін мөлшерлеме 25%-ды құрайды. Сондай-ақ ойын бизнесіне салық салу тәртібін сақтап, ойын автоматтары залының, тотализатордың және букмекерлік кеңсенің қызметі бойынша 25%-дық жоғары ставка көзделеді. Әлеуметтік сала үшін ставканы кезең-кезеңімен 2026 жылдан бастап 5%-ға, 2027 жылдан бастап 10%-ға арттыру көзделген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3 пайыз деңгейінде өзгеріссіз калатын болады", – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, салықтық-бюджеттік реформа шеңберінде қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттырып, салалар бойынша сараланған ставкалар ұсынылады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғалар үшін есепке жатқызылатын қосылған құн салығының көлемін 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайту көзделген.

"Дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен медициналық қызметтер үшін қосылған құн салығы 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз деңгейінде төмендетілген мөлшерлемесі белгіленеді. Бұл ретте, тегін медициналық көмектің және міндетті медициналық сақтандырудың кепілдік берілген көлемі шеңберінде, сондай-ақ Үкімет тізбесімен айқындалған әлеуметтік маңыздағы және орфандық ауруларды емдейтін дәрілік заттар мен медициналық қызметтер, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын және тағы да басқаларды босату ұсынылады. Қосылған құн салығын төлеуші есебіне тіркеу бойынша, ақша айналымы шекті шегін 20 000 айлық есептік көрсеткіштен 10 000-ға дейін төмендету көзделген. Бұл – салықтық "бөлшектеу" мен оңтайландыру мүмкіндіктеріне қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек", – деді Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу