Сенаторлар үкіметтен әртістердің жалақысын көтеруді талап етті

714

 Еліміздегі 52 мемлекеттік театрда 7 мың 533 адам, оның ішінде 1 мың 538 жас маман қызмет атқарады.

Сенаторлар үкіметтен әртістердің жалақысын көтеруді талап етті

Бүгін бір топ сенатор үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жүгініп, театр әртістерінің жалақысын көтеруді сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бүгінде Қазақстанда 68 театр бар. Оның ішінде 52 мемлекеттік және 16 жеке меншік театр жұмыс жасайды. Еліміздегі 52 мемлекеттік театрда 7 мың 533 адам, оның ішінде 1 мың 538 жас маман қызмет атқарады. Яғни, қызметкерлерінің тек 20%-ы ғана жас.

Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев, Бірғаным Әйтімова, Мұрат Бақтиярұлы, Сергей Ершов, Бақытжан Жұмағұлов және басқалары әртістердің жағдайы мәз емес екенін ашық айтты.

"Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сәйкес, театрда қызмет істеп жүрген жас әртістердің шығармашылық құрам үшін орташа лауазымдық айлық жалақасы 59 мың теңгеден 76 мың теңгеге дейін, ал техникалық құрам үшін 43 мың теңгеден 49 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды. Және бұл қосымша төленетін ақыны қоса есептегенде! Ал қолдарына тиетін еңбекақы әрине, одан да төмен", – дейді сенатор Нариман Төреғалиев.

Олар көтеріп отырған тағы бір мәселе баспанаға қатысты.

"Республика бойынша 1538 жас әртістеріміздің бар-жоғы 3,7%-ы қызметтік пәтермен, небары 9,7%-ы жатақханалармен қамтылған. Ал 33,8%-ы ата-аналарымен бірге тұруға, қалған 42,5%-ы пәтерді жалға алуға мәжбүр. "7-20-25" және "Нұрлы жер" бағдарламаларына қатысу үшін төлем қабілеттілігі, яғни несиені төлеуге мүмкіндік беретін жеткілікті және тұрақты табысының болмауы, олардың тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндіктерінің жоқтығы және басқа мамандықтар сияқты тұрғын үйді әлеуметтік жалға алу мүмкіндіктерінің қарастырылмағаны кедергі", – дейді депутаттар.

Олардың айтуынша, бұл жағдайлар театрдағы жас мамандарды ешқандай ынталандырмайды, керісінше жас мамандар басқа салаларға кетуде, әсіресе ауылдық жерлерде мамандардың жетіспеушілігі байқалуда.

"Біздің ойымызша, аталған жағдайдың қалыптасуына театр жұмысшыларына әлеуметтік қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібі мен тетіктерінің жоқтығы, екіншіден жауапты мемлекеттік органдардың тарапынан қолдаудың болмауы әсер етіп отыр деп есептейміз", – деген сенаторлар үкіметтен біріншіден, "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" үкімет қаулысына театр әртістерінің жалақысын өсіруге қатысты өзгерістер енгізуді сұрады.

Бұған қоса, олар "7-20-25" және "Нұрлы жер" бағдарламаларына қатысу үшін жергілікті әкімдіктер әртістерге бастапқы жарна сертификаттарын беруі керектігін нұсқады.

Осы орайда сарапшылар әртістердің де, әншілер сияқты, той-томалақ, мерейтойлар, шығармашылық кештер сияқты театрдан тыс табыс табуына жол ашық екеніне назар аудартады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу