Сенатта Прокуратураның құқық қорғау әлеуетін нығайтатын заң қабылданды

462

Сенат "Прокуратура туралы" Конституциялық заңды қабылдады.  

Сенатта Прокуратураның құқық қорғау әлеуетін нығайтатын заң қабылданды Фото: zakon.kz

ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев Сенат отырысында "Прокуратура туралы" Заң жобасын таныстырды, деп жазады inbusiness.kz.

Заң жобасының бірінші тарауында прокуратураның мақсаттары мен міндеттері бекітілді. 

"Атап айтсақ, бірінші тарауда прокуратураның мақсаттары мен міндеттері бекітіледі. Прокуратура өз міндеттерін адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жүзеге асырады делінген. Бұндай бап заңнамада алғаш рет беріліп отыр... Екіншіден, жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруы тиіс екені нақты жазулы тұрады. Заң жобасында тексеру барысында, талдау немесе актілерге бағалау жасаған кезде мәліметтер мен құжаттарды алдыруға, лауазымды және басқа да адамдардан жауап алуға, сараптамалар тағайындауға құқылы деп көрсетілген", - деді Әсет Шындалиев.

Спикердің айтуынша, Заң жобасында адам құқықтарын қорғау бойынша өзара іс-қимыл деген бап енгізілген. Мұнда Адам құқықтары жөніндегі өкілмен, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасау негіздері бекітілген  көрінеді.

"Конституцияның 72-ші бабына сәйкес Бас Прокурорға Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы беріледі... Енді мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілер немесе заңдар Конституцияға қайшы болса, онда Бас Прокурор оларды тексеру үшін Конституциялық Сотқа жолдайтын болады. Бас Прокурорға берілген бұл құзырет адам құқықтарын қорғау мен қалпына келтіру тиімділігін арттырады", - деді Әсет Шындалиев.

Сенат депутаттары дауыс беру арқылы бұл заң жобасын мақұлдады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу