Сенатта салықтық жеңілдіктер жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесі қаралды

541

Парламенттің жоғарғы палатасында "Салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру және олардың тиімділігін арттыру" тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.    

Сенатта салықтық жеңілдіктер жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесі қаралды Фото: parlam.kz

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, салық саясатын қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін талдау және бағалау жөніндегі мемлекеттік аудит нәтижелеріне сәйкес, салықтық жеңілдіктер бөлігінде бірқатар жүйелік кемшіліктер анықталған.

"Салық кодексі тиімсіз және жұмыс істемейтін жеңілдіктерді оңтайландыру бөлігінде заңнамалық өзгерістерді талап етеді. Себебі мұндай жеңілдіктерден мемлекет бюджетке салық түсімдерін алмағандықтан, айтарлықтай шығындарға тап болады", - деді ол.

Сенатордың сөзінше, бұл бағытта комитет тұрақты негізде жұмыс жүргізіп отыр.

Іс-шара барысында Жоғары аудиторлық палата мүшесі салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру мақсатында жүргізілген тексеру қорытындыларына тоқталды.

Бұдан бөлек дөңгелек үстел отырысында бірқатар министрлік өкілдері бейінді салалардағы салықтық жеңілдіктерді беру механизмі туралы баяндама жасады.

Сенаторлар салықтық жеңілдіктер жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша өз ұсыныстарын да жеткізді. Атап айтқанда, Қаржы министрлігіне – салық есептілігінің нысандарын нақтылау, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне салық салу мақсатында провизиялар құру тәсілдерін қайта қарау туралы айтылды.

"Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар үшін ҚҚС бойынша, сондай-ақ жеке медициналық ұйымдар үшін корпоративтік табыс салығы, мүлік салығы, жер салығы бойынша жеңілдіктердің тиімділігі мен бағаға әсеріне талдауды ұсынуы қажет. Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінің жобасы аясында елімізде өндірілмейтін бірқатар тауарлар үшін нүктелік босатуларды ұсына отырып, есепке жатқызу әдісімен импортқа ҚҚС төлеу тетігін жою жөніндегі нормаларды ескеру қажет", - деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Сенат депутаттары дайындаған барлық ұсыныс Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға жолданбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу