Сенатта Ыстықкөлдегі кейбір нысанға Қазақстанның меншік құқықтарын реттейтін құжат мақұлданды

317

Сенаттың жалпы отырысы өтті.

Сенатта Ыстықкөлдегі кейбір нысанға Қазақстанның меншік құқықтарын реттейтін құжат мақұлданды Фото: kursiv.media

Сенат 2006 жылғы 4 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмге түзетулер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Келісімде курорттық-рекреациялық шаруашылықтардың төрт объектісіне: "Қазақстан" санаторийіне, "Самал" демалыс үйіне, "Университет" спорт-сауықтыру лагеріне және "Олимп" спорт-сауықтыру орталығына Қазақстан Республикасының меншік құқығы белгіленеді. Құжат Қазақстан тарапының объектілерді (базаны қоспағанда) жаңғырту жөніндегі міндеттемелерін 2029 жылдың соңына дейін жыл бойы жұмыс режимі бар 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне дейін ұзартады. Сондай-ақ объектілерді салу кезеңінде де, пайдалану кезінде де жұмыс күшінің кемінде 80%-ын Қырғыз Республикасының азаматтары қатарынан тарту жөніндегі талап белгіленеді", – деп хабарлады Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті.

Түзетулері бар хаттама, сондай-ақ, осы міндеттемелерді орындау үшін инвесторларды тарту мүмкіндігін көздейді. Бұдан басқа, тараптардың келісуі бойынша мәтінге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. 

Бұдан бөлек екі ел Үкіметтері арасындағы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама да ратификацияланды.

"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы 2009 жылғы 1 желтоқсандағы шартқа сәйкес Қазақстан тарапына "Қазақстан" санаторийінің (17,5 га), "Университет" пансионатының(17,4 га), "Самал" демалыс үйінің (9,2 га) және "Олимп" пансионатының (14,7 га) аумағын қоса алғанда, Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданында орналасқан жалпы ауданы 58,8 га жер учаскелері 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі пайдалануға (жалға) берілді. Шарттың және оған өзгерістер енгізу туралы Хаттаманың ережелерімен 2006 жылғы 4 шілдедегі Ыстықкөл облысындағы курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстан Республикасының меншік құқықтарын реттеу жөніндегі осы құжаттарда белгіленген міндеттемелердің орындалуы регламенттеледі", – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу