Сергей Дворцевой "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапатталды

807

Сергей Дворцевой "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапатталды

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Канн кинофестивалінде "Үздік әйел рөлі" номинациясының жеңімпазы атанған қазақстандық актриса Самал Еслямова түскен "Айка" фильмінің режиссері Сергей Дворцевоймен кездесті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Еліміздің кинематография саласын дамытуға үлесін қосып жүрген және оның әлемдік деңгейде танымал болуына қосқан үлесі үшін кинорежиссер Сергей Дворцевойға өңір басшысы жерлестерінің атынан шынайы алғысын жеткізіп, "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапаттады. Сонымен қоса Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды нығайту жолындағы еңбегіне сәттілік тіледі.

"Сіз түсірген "Айка" фильмі  71-ші  Канн кинофестивальінде əлемдік деңгейдегі ең үздік 20 картинаның құрамында қазылар алқасының, кино сыншылар мен еуропаның талғампаз көрерменінің жоғары бағасына ие болды. Сіздің кəсіби шеберлігіңіздің жəне режиссерлік деңгейіңіздің жоғары  болуының арқасында қазақстандық  Самал Еслямова үздік əйел рөлі үшін жоғары марапатқа ие болды. Мұндай жағдай, Посткеңестік елдер арасынан шыққан əртістің осындай марапатқа ие болуы Канн фестивалі тарихында бұрын соңды болмағанын ескерсек бұл үлкен оқиға!",-деді Түймебаев.

Өз кезінде кинорежиссер Сергей Дворцевой көрсетіліп жатқан құрмет пен қошемет үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта Қазақстанның кинематография саласының дамуы жолында аянбай еңбек ететінін сеніммен жеткізді. Сонымен қатар Оңтүстік өңірінде киноиндустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанынан хабары бар екенін айтып өтті.

Осы ретте аймақ басшысы облыста бүгінде онға жуық киностудияның бар екенін айтып, солардың бірі халықаралық фестивальдардың жеңімпазы, жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған қазақ тіліндегі 50-ге жуық анимациялық фильм түсірген "Сақ" киностудиясын атап өткім келеді деді.

Айта кетейік, Сергей Дворцевой 1962 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Н.Михалковтың "Ника" сыйлығының лауреаты. Әлемдік деңгейдегі мамандарды мойындатқан киноны түсірген ол бұған дейін, "Трасса", "В темноте" деректі фильмдер мен қысқа метражды "Счастье", "Хлебный день" кино туындыларын түсіріп көптеген халықаралық фестивальдар мен байқаулардың қатысушысы атанған. Ал 2008 жылы "Тюльпан" фильмі Канн кинофестивалінде "Ерекше көзқарас" аталымы бойынша марапатталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу