Серік Егізбаев: Жаңа Конституцияның әр бабына жобамен 52 ұсыныстан түсті

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Jibek Joly телеарнасының "Бүгін LIVE" бағдарламасына берген сұхбатында айтқан.   

Серік Егізбаев: Жаңа Конституцияның әр бабына жобамен 52 ұсыныстан түсті Фото: Конституциялық сот

Серік Егізбаевтың сөзінше, Ата заңның жаңа жобасында волонтерлік қызметтің мәртебесі айқындалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Конституция кеңесінің оныншы отырысында маңызды ұсыныстардың бірі талқыланып, қолдау тапты. Қаралып жатқан Конституцияның 31-бабына еріктілер қызметінің мәртебесін айқындау туралы сарапшылар тарапынан ұсыныс түскен. Комиссия мүшелері бұл бастаманы бірауыздан қолдады. Айта кету керек, еріктілер қозғалысы – қоғамдық маңызы зор бастамалардың бірі. Олардың әлеуметтік және қоғамдық саладағы жұмыстары жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Осыған байланысты ұсыныс орынды деп танылып, жаңа Конституция жобасына енгізілмек, – дейді ол.

"Ауыл" партиясы фракциясының жетекшісі Конституция кеңесіне 5 мыңнан аса ұсыныс түскенін айтады. Өтінім саны жаңа Конституция жобасындағы 95 бапқа есептелгенде, әр бапқа шамамен 52 ұсыныстан келеді.

– Бұл қоғамның Конституцияны талқылауға белсенді қатысып, өз пікірін білдіруге қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді. Депутат Азат Тұрлыбекұлы да Конституцияның 8-бабына қатысты ұсыныс білдірді. Қолданыстағы нормада Қазақстан Республикасында мемлекеттік және жеке меншік танылып, қорғалатыны көрсетілген. Алайда сарапшылардың пікірінше, әлемде меншіктің алты түрі бар, ал Ата заңда олардың тек екеуі ғана қамтылған. Қоғамдық меншік, тұрғын үй қорлары мен кооперативтер секілді өзге де меншік нысандары Конституцияда нақты көрсетілмеген. Осыған байланысты меншік түрлерінің барлығы мемлекет пен заң тарапынан қорғалуы тиіс деген ұсыныс айтылды. Комиссия бұл бастаманың да қолдау табатынына сенім білдірді, – дейді депутат.

Серік Егізбаев Ата заңның жаңа жобасына "Ауыл" партиясы атынан ұсынылған бірқатар бастаманы да бір шолып өтті. 

– Конституцияға өзгеріс енгізу жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған. Алғашында парламенттік реформа қолға алынып, кейін конституциялық реформаға ұласты. Осы кезеңде "Ауыл" партиясы барлық бапқа қатысты өз ұсынысын жолдады. Атап айтқанда, жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау мен экология мәселелерін нақтылай түсу жайында мәселе көтердік. Құзырлы органдар мен азаматтардың табиғатты қорғаудағы міндеттерін айқындап жазу ұсынылды. Бұл бастама Конституциялық кеңес тарапынан қолдау тауып, жаңа заңға енгізіледі деп күтілуде, – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу