Серік Сәпиевке қатысты жанжал бойынша тергеу басталды

158

Оқиға 21 қаңтар күні облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған.

Серік Сәпиевке қатысты жанжал бойынша тергеу басталды Фото: gov.kz

Қарағанды қаласында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің дене жарақатын алуына байланысты жанжалға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, екі ер адам арасында әуелі ауызша жанжал туындап, ол кейін төбелеске ұласқан. Салдарынан Серік Сәпиев дене жарақатын алған. Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары "Соққыға жығу" бабы бойынша қылмыстық істі тіркеді.

Аталған баптың санкциясы айыппұл салуды, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.

Материал жарияланған уақытқа дейін Серік Сәпиевтен, сондай-ақ оның орынбасары Даурен Есімхановтан түсініктеме алу мүмкін болмады. Оқиғаға қатысты ресми ұстаным қандай болатыны әзірге белгісіз.

Қарағанды облысы полиция департаменті қылмыстық істің қозғалғанын растады.

– Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде соққыға жығу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 21 қаңтар күні қаладағы спорт нысандарының бірінде екі ер адам арасында жанжал болғаны анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтаып жатыр, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, Серік Сәпиев – 2012 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Қазіргі уақытта ол Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады.

Даурен Есімханов басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарады. Ол самбо және жауынгерлік самбодан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games күміс жүлдегері, сондай-ақ джиу-джитсудан әлем чемпионы ретінде танымал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу