Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бесінші Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар бергенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында экономиканың тұрақты және сапалы дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Үкімет Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Негізгі басымдық –халықтың табысын арттыру. Биыл халықтың нақты табысының өсуі 2-3%-дан жоғары болуы тиіс", – деді вице-премьер.
Оның айтуынша, бұған экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету есебінен қол жеткізілетін болады. Серік Жұманғарин экономиканың өсуі 5%-дан кем емес деңгейде қамтамасыз етілетінін айтты.
Ол үшін негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жалпы ішкі өнімге қатысты 18%-ға дейін жеткізіледі. Шикізатқа жатпайтын секторларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңартуға және цифрландыруға баса назар аударылатын болады.
"Проактивті инвестициялық саясат жүргізіліп, кәсіпкерлікті қолдау шаралары кеңейтіледі. Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде жалпы қосылған құнның, экспорттық түсімдердің және еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттарды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік механизм құрылады. Мемлекеттік органдар қуатты және табысты жобаларды ұйымдастыруда және құруда белсенді рөл атқаратын болады. Экономикалық өсудің проактивті саясатын іске асыру үшін "Бәйтерек" Холдингінің рөлі күшейтілді. Биыл Холдингті 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру көзделген", – деді Ұлттық экономика министрі.
Қаржыландыруды ескере отырып экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылатын болады. Басты екпін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамытуға жасалады.