Шағын авиацияны дамыту үшін Ақтөбе облысы Чехиядан L-410 ұшақтарын сатып алады

177

Өңір басшысы Асхат Шахаров Чехтің Omnipol Defence a.s. компаниясының басшылығымен кездесуде ұшақтарды жеткізу мәселесін талқылады.  

Шағын авиацияны дамыту үшін Ақтөбе облысы Чехиядан L-410 ұшақтарын сатып алады Фото: omnipolgroup.cz/gov.kz

Omnipol Defence a.s. компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Артем Мовсесян мамандар даярлау және әуежай инфрақұрылымын жабдықтау бағытындағы мүмкіндіктер туралы айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Өңір басшысының сөзінше, қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру мәселелері Өнеркәсіпті дамыту қорымен бірлесіп пысықталып жатыр.

"Біз облыста шағын авиацияны дамыту жобасымен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біз үшін әуе кемелерін жеткізу, мамандарды даярлау және қажетті инфрақұрылымды құру мәселелерін кезең-кезеңімен шешу маңызды. Бұл жобаны іс жүзінде жүзеге асырып, өңірлік әуе қатынасын жолға қоюға мүмкіндік береді", – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі әуежай инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, Шалқар қаласында әуежай салу бойынша конкурстық рәсім басталды.

Өз кезегінде Omnipol өкілдері ұшу және техникалық құрамды даярлау ісіне қатысуға әзір екендерін растады. Сондай-ақ ұшақтарды пайдалануға қажетті жерүсті жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды.

Omnipol Defence a.s. компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Артем Мовсесян холдинг құрылымында шағын және орта әуежайлардың инфрақұрылымына маманданған Omnipol Airports атты жеке бағыт жұмыс істейтінін алға тартты. Компания жарық сигналдық жабдықтар, әуе қозғалысын басқару жүйелері және навигация саласында шешімдер ұсынуға дайын.

"L-410 ұшақтары Қазақстанда қазірдің өзінде пайдаланылып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері L-410 UVP-E20 үлгісіндегі екі әуе кемесі Ақтөбе қаласында базаланып, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында пайдаланылуда. Сонымен қатар "Қазавиақұтқару" АҚ-да L-410 NG үлгісіндегі тағы төрт ұшақ бар", – делінген облыстық әкімдік таратқан хабарламада. 

L-410 – 19 жолаушыға дейін тасымалдауға арналған турбовинтті ұшақ. Ол шағын және орта қашықтықтағы әуе тасымалдары үшін қолданылады. Бұл үлгідегі ұшақтар салыстырмалы түрде қысқа ұшу-қону жолақтары бар аэродромдарда пайдаланылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу