Шағын және орта бизнесті қолдау: Биыл 20 мыңнан астам жоба субсидияланады

384

Биыл жоспар бойынша негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестицияланады

Шағын және орта бизнесті қолдау: Биыл 20 мыңнан астам жоба субсидияланады Фото: mail.kz

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенатта өткен Үкімет сағатында айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан 2022 жылы Қазақстан экономикасының нақты өсімі 3,2 пайызды құрады. Елге 28 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Бұл 2012 жылдан бері рекордтық деңгейдегі көрсеткіш. Негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 8 пайызға өсті. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп, 134 млрд долларды құрады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27 пайызға өсіп, 1,8 млн-нан асты. Осы салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13 пайызға артты, 3,9 млн адамға жетті. Осылайша экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 33,5 пайыздан 36 пайызға дейін өсті", - деді ол. 

Министр халықаралық рейтингтік агенттіктер елдің инвестициялық сенімділік деңгейіндегі тәуелсіз рейтингін растағанын атап өтті. Өткен аптаның соңында Fitch агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растап, "тұрақты" деген болжам жасады. 

Әлібек Қуантыров Үкіметке инвестиция тарту бойынша өршіл міндеттер қойылғанын айтты.

"Биыл жоспар бойынша негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестицияланады. Бұл өткен жылдың қорытындысынан 22 пайызға артық. Шағын және орта бизнесті жүйелі қолдау шаралары кеңейтілді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту  мақсатында қолдау көрсету үшін қызмет түрлерінің тізбесі 116-ға ұлғайтылды. Қызметтің бірқатар басым түрлері бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылды. Бизнестің жол картасын қаржыландыру 224 млрд теңгеге дейін артты. Шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау және 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру көзделуде. Орта бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады", - деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу