banner

Шәкәрім университетінің түлектері жұмысқа орналаса алмай жүр

1013

Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің түлектері жұмысқа орналаса алмай жүр. Дипломда кеткен қателіктердің салдарынан, жұмыс берушілер қабылдамаған. 

Шәкәрім университетінің түлектері жұмысқа орналаса алмай жүр

Шәкәрім университетнің түлектері студенттік өмірмен қош айтысып, маман иесі атануға асыққанымен, білім ордасының қателігінен дипломдары жарамсыз болып қалған.

Белгілі болғандай, үш тілде берілетін дипломның ағылшын тіліндегі нұсқасында екі сөзде қате кетіп қалған. Аталған мәселе алдымен әлеуметтік желіде көтерілді.

– Диплом алушының құжатында орфографиялық қателер кеткен жағдайда жоғары оқу орны жауапкершілікті өз құзіретіне алады және құжат алушының өтініші бойынша диплом қайтадан шығарылып беріледі, – дейді Шәкәрім университетнің баспасөз хатшысы Шырын Қауанова.

Университет кеткен қателіктерді орнына келтіреміз дегенімен, оның өзі біраз уақыт алатыны белгілі.

– ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылдың 30 қазанындағы Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының №48 пунктіне сәйкес, "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасын игергенін растаған және қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыға аттестаттау комиссияның шешімімен тиісті білім беру бағдарламасы бойынша "бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері немесе маман біліктілігі тағайындалады және қосымшасы бар диплом тегін негізде беріледі" деп көрсетілген. Дипломда орфографиялық қате кеткенде құжат алушының өтініші бойынша диплом қайтадан шығарылып беріледі. Бітіруші түлектердің өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарында нөмірі мен QR кодтары көрсетілген. Сәйкесінше, құжат иесі немесе жұмыс беруші генерацияланған нөмірлер мен QR кодтары арқылы ҰББДҚ базасынан бітіруін растайтын құжат туралы ақпаратты көре алады. Мұндай жағдай жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында орын алған жағдайда құжат алушы оқу орнының тиісті бөліміне өтініш білдіруі керек", – дейді Шырын Қауанова.

Білім ордасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, барлығы 1 347 диплом шығарылған, оның 378 қызыл диплом.

– Дипломды шұғыл қажет еткендерге 627 дипломды қайта басып шығардық. Оның 135 қызыл диплом. Енді осылай беріп отыратын боламыз, – дейді Шырын Қауанова.

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу