Абай облысында қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нәтижесінде Shakarim University "Өнер" кафедрасының оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қайрат Қабышев этномәдениет бағыты бойынша Азия мен Африка бойынша дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.
Өнер иесі 5 сағат 29 минут ішінде қазақтың 102 дәстүрлі әнін үздіксіз орындады. Рекорд талаптарына сәйкес әр 25 әннен кейін 15 минуттық үзіліс қарастырылғанымен, орындаушы бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Барлық шығармалар нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз және өз аспаптық сүйемелдеуімен орындалды.
Нәтиже ресми түрде тіркеліп, өнер иесіне сертификатпен қатар Күміс медаль табысталды.
Рекордты тіркеу рәсіміне халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген қатысып, көрсетілген жетістіктің бірегейлігін атап өтті. Оның айтуынша, рекорд 2026 жылғы ресми басылымға енгізіледі.
Жобаға сарапшылық баға берген мамандар бұл жетістік қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.
Өз кезегінде Қайрат Қабышев бұл нәтижеге ұлттық әншілік мектеп пен ұстаздар тағылымы негіз болғанын айтып, мұндай бастамалар жастарды ұлттық өнерге жақындататынын жеткізді.