Шәмшінің 55 әні үшін ұрпағына 22 мың теңге ғана төленген – Нартай Аралбай

Депутаттың сөзінше, елдегі авторлық қоғамдар сазгерлердің құқығын таптап отыр. 

Шәмшінің 55 әні үшін ұрпағына 22 мың теңге ғана төленген – Нартай Аралбай Фото: madenietaqparat

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев авторлық қоғамдарға қатысты мәселелерді кеңінен айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еске салайық, палатаның отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда талқылануда.

Халық қалаулысының айтуынша, 2023 жылы ұжымдық авторлық басқару ұйымдарына 1 млрд 550 млн теңге түсіпті. Өкініштісі сол, соның 439 млн теңгесі ғана авторларға жеткен.

– Елімізде 15 авторлық қоғам бар. Бірақ олар авторлардың құқығын өте қатты бұзып отыр. Мәселен, автордың шығармасы орындалады және сол үшін авторлық қоғамға ақша түседі. Осы ақшаның 70 пайызы аталған қоғамда қалса, 30 пайызы автордың өзіне барады. Нақты дерекке тоқталсақ, 2023 жылы ұжымдық авторлық басқару ұйымдарына елімізде 1 млрд 550 млн теңге түскен. Соның 439 млн теңгесі ғана авторларға барған, яғни үштен бір бөлігі ғана. Дәл осы заңсыздықты қашан түзейсіздер? Өйткені, Шәмші Қалдаяқовтың 55 әнін орындағаны үшін авторлық қоғамдар үш айда композитордың ұрпағына 22 мың теңге төлеген, қазір ол сома 18 мың теңгеге түсіп кетті. Екіншіден, осы заңның 39-бабына қарасақ, фонограмманы эфирге бергендер және сол фонограмманы ретрансляция жасағандар енді фонограмманы жасаушылар мен орындаушыларға тағы сыйақы төлеу керек деп көрсетілген. Депутаттар "фонограмманы жою керек" деп күресіп отыр. Ал сіздер сыйақы төлеуді қамтығансыздар. Бұл қалай болғаны?! Осы тетік фонограмманы жасаушыларды одан әрі жасанды музыкаға итермелейді, – деді депутат.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев болса, бұл мәселенің расында өте күрделі екенін жасырмады. Ол аталған мәселені шешу үшін арнайы платформа әзірлеп жатқанын алға тартты.

– Осы мәселені шешу үшін екі қадам керек. Біріншісі – заңгерлік жағынан тиісті заңдарға өзгеріс енгізу. Екіншіден, ұйымдастыру жағын қамту қажет. Біз тиісті платформаны әзірлеп жатырмыз, оны күзге дейін даярлаймыз. Бүгін Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы толық қабылданып, Президент қол қойғанға дейін Әділет министрлігі ұйымдастыру жағын қамтамасыз етеді деп санаймын. Осы орайда, аталған мәселеге қатысты тиісті шешім жасалады. Ал фонограмма мәселесіне тоқталсам, заң жобасын екінші оқылымға дейін жұмыс тобының отырысында пысықтауға мүмкіндік бар, – деп қоса кетті Әділет министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу