Шаңхай тарихи мұражайында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен қазақ халқының бай мәдени мұрасына арналған көрменің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара Қазақстанның Шаңхайдағы Бас консулдығының, сондай-ақ Алматы және Шаңхай қалалары әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Көрме Қытайдағы ең ірі музей орталықтарының бірінде ашылып, Қазақстанның ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері мен рухани құндылықтарын таныстырады. Экспозицияға Алматы музейлерінің қорларынан алынған шамамен 100 бірегей жәдігер қойылған.
Көрменің басты мақсаты – қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау және мәдени дипломатияны дамыту. Бұл жоба Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәдени-гуманитарлық бағыттағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.
Экспозиция Ұлы даланың мұрасын бейнелейтін музейлік құндылықтар арқылы келушілерге қазақ халқының дәстүрі, тұрмысы және рухани әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Жоба Алматы мен Шаңхай арасындағы бауырлас қала байланыстары аясында жүзеге асқан. Екі қала арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары өткен ресми сапарлар нәтижесінде нығайған. Сондай-ақ Алматы музейлерінің коллекциялары бұған дейін Еуропа мен Азияның бірқатар қалаларында да табысты көрсетілген.
Көрменің ашылуына ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің, Шаңхай қаласының Сыртқы істер кеңсесінің, муниципалитеттің Мәдениет және туризм басқармасының өкілдері, консулдық корпус уәкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Көрме 2026 жылғы 30 тамызға дейін ашық болады.