Премьер-министр Олжас Бектенов биылғы 30 шілдеге дейін Шардара топтық су құбырын пайдалануға беруді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Су ресурстары министрлігі жыл соңына дейін 142 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін жақсартуға мүмкіндік беретін 12 жобаны жүзеге асыру шараларын қабылдасын. Осы жылдың 30 шілдесіне дейін Түркістан облысындағы Шардара топтық су құбырын пайдалануға беру қажет. Осы жылдың 15 қарашасына дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов және Соколов топтық су құбырларын жаңғырту жұмыстарын аяқтау керек", – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Қаржы министрлігіне республикалық бюджет шеңберінде көзделген сумен жабдықтау жобаларын уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді, сондай-ақ, кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту үшін несие тарту мәселесінде әкімдіктерге әдіснамалық көмек көрсетілуге тиіс.
Айта кету керек, бұған дейін 219 ауыл ауыз суды жеке құдығынан алып отырғанын жазғанбыз. Түркістан және Қызылорда облыстарында күріш пен мақтаның егіс алаңдары бекітілді.