Шардаралық тұрғын музейге балбалтас тапсырды

1125

Тарихи жәдігер табылған аумақта қазба жұмыстары жүргізілуі мүмкін.

Шардаралық тұрғын музейге балбалтас тапсырды

Шардара ауданы аумағынан тарихи тас мүсін балбал тас табылды. Ол біздің заманымыздағы І-ІІІ ғасырларға тиесілі жәдігер болып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz "Отырарға" сілтеме жасап.

Археологтардың болжамы бойынша, көне ескерткіш сол заманның атақты қолбасшыларының біріне арнап жасалуы мүмкін. Себебі балбал тастың бетінде әскери бас киім анық бейнеленген.

Көне жәдігерді шаруа қожалық иесі тауып алған. Ол Шардара су қоймасына жақын маңдағы Шекертөбе жерінде мал бағып жүрген. Азамат тас мүсінді мұражайға тапсырды.

Енді тарихи жәдігер табылған аумақта қазба жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Көне тас мұражайдан орын алды. Оны облыстық тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізу жөнінде құжаттар әзірленуде.

Балбал – тастан қашалып жасалған адам бейнесіндегі ескерткіш. Яғни, соғу, қағу, ұру дегенді білдіретін қос сөзден тұрады. Түркологтардың пікірінше, балбал сөзі "тасты тіп-тік етіп қадап орнатқан белгілер" деген мағынаны білдіреді.

"Жауынгердің, түркі жауынгерінің мүсіні болуы мүмкін. Өйткені сипаты, көрген кездегі жалпы бейнесі соған келіп тұр. Түркілердің, ғұн жауынгерінің мүсінін соның құрметіне арнайы дайындалған мүсін деп ойлаймын. Жалпы Түркістан облысы ғана емес, Қазақстан тарихына ерекше үлес қосатын көне жәдігер ретінде айтар едім. Әлі зерттеуді қажет етеді", – дейді Шардара аудандық тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Нұркен Смайлов.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу