Шаруалар жылыжайға еккен қызанағын қоқысқа тастауда

488

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жылыжай  ісімен айналысатын шаруалар қып-қызыл шығынға батты. 

Шаруалар жылыжайға еккен қызанағын қоқысқа тастауда Фото: ашық дереккөз

Соңғы аптада аймақта 40 гектардан астам жылыжайдағы өнім үсіп кеткен. Себебі, күн күрт төмендеген тұста, күнгейде көмір болмай, жабық алаңдар жылусыз қалған. Салдарынан пісейін деп тұрған қызанақтар үсіп, тамыр байлап қалған көшеттер жарамсыз күйге түсті. Ал, жақында өнім сатып ақша санаймыз деп алақанын ысқылаған шаруалар қазір үсіген өнімдерін қоқысқа тастап әлек.

Қызанақ сабақтары мамыр, маусым айларына дейін өнім беруі керек еді. Бірақ жылудың жоқтығынан көріп тұрғандарыңыздай барлығы көктей солған. Сондықтан шарасыз қалған шаруалар сабақтағы өсімдіктердің барлығын жұлып жатыр. Ал, көктей жұлынған өнімдер осылай қорапқа салынып қоқысқа кетуде. 

Көлікке тиеп базарға шығарамыз деген өнімін қораппен қоқысқа тастап жатқан "Зәуре" шаруа қожалығында 3 гектар өндірістік жылыжай бар. Осы алқаптан шаруалар биыл 1000 тоннадан астам өнім алуды жоспарлаған. Бірақ көмірдің жоқтығы кәсіпкерді тақырға тіреді. 

 

"Жұмысшылардың айлығын алып тастаған кезде, көшетке кеткен ақшаны, тыңайтқышқа кеткенді алып тастағанның өзінде 100 млн шығын. Сосын жарылған трубалар бар, жөндеу жасалатын жерлер, жыртылған пленкалар бар", дейді Бас агроном Мерей Терлікбаев.

Жылыжайлардағы жанға бататын жағдай Түркістан облысында да көп. Өңірде 167 шаруға тиесілі 36 гектардан астам жылыжайдағы өнімді үсік шалған. Арасында  қарды көтере алмай құлағандары да бар. Мәселен, Қазығұрт ауданындағы Әбдірайым Әбдірахымовтың 5 гектар жабық алаңы құлаған. 

"Қазірдің өзінде 2 млн-ға шығынға батып отырмыз. Оның ішінде кленкасы бар, темірі бар. Көшеттеріміз күйіп кетті", дейді шаруа Әбдірай Әбдірахымов.

Шаруалардың айтуынша, биыл аймаққа қатты отын тиісті деңгейде жеткізілмеген. Келген көмірдің сапасы сын көтермепті. Бірақ, қыс басталмай тұрып жауаптылар барлығы бақылауда деген болатын. Енді жауапсыздық танытқандарға қызметтік тексеріс тағайындалды.

"100 пайыз дайын деп солай жауап берген едіңіздер. Өкінішке орай ақпарат жалған. Аудан қалаларға көмір жеткізу толық шешілмеген. Энергетика басқармасының басшысына осы салаға жауапты менің орынбасарыма қатысты қызметтік тексеру жүргізілсін!", деді Түркістан облысының әкіміДархан Сатыбалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу