Шаруалардан егіс жұмыстарына несие алу бойынша мыңнан аса өтінім түсті

Елімізде көктемгі егіс жұмыстарына бюджеттік несие беру жалғасып жатыр. 

Шаруалардан егіс жұмыстарына несие алу бойынша мыңнан аса өтінім түсті Фото: Егемен Қазақстан

2023 жылы "Кең дала" бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 140 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өтінімді қабылдау басталғалы 9 күн ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден жалпы сомасы 48 млрд теңгеге 1 мың 211 өтінім келіп түсті. Тағы 668 фермер құжат жинау сатысында.

"Қаржыландырудың көп бөлігі – 5,8 млрд теңге несие серіктестіктері арқылы берілді. Микроқаржы ұйымдары арқылы фермерлер 800 миллион теңге рәсімдеді. Биыл несие алуды жеңілдету және жеделдету мақсатында Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыруды тек несие серіктестіктері, екінші деңгейдегі банктер және микроқаржы ұйымдарын қорландыру арқылы жүзеге асырып жатыр. Агроөнеркәсіп субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық бес пайыздан аспайды", – деп жазылған "Бәйтерек" холдингі таратқан хабарламада.

Бұл қаражат жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер, минералды тыңайтқыш, тұқым сатып алуға және егін егу мен жинауға арналған өзге де іс-шараларға жұмсалуы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдан бастап бағдарлама шарттары бойынша алғаш рет несиелеу мерзімі келесі жылдың көктемінің басына дейін ұзартылды, бұрын несиелеу мерзімі қаржыландыру жылымен шектелген болатын.

Сонымен қатар, оңтүстік аймақтар алғаш рет өткен жылдардағыдай сәуір айында емес, алдын-ала, яғни былтыр желтоқсанда қаржыландырылды. Сондай-ақ, 1 гектарға жұмсалатын шығыстар нормативінің мөлшері орта есеппен 25% - ға ұлғайтылды.

Несиелеу бойынша толық ақпаратты Аграрлық несие корпорациясының облыстық  филиалдарында немесе www.agrocredit.kz сайтынан алуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу